05.03.2026
Қазақстандық жүргізушілер бақылау камералары арқылы тіркелген жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың бейнежазбаларын онлайн сұрата алады. Тегін сервисті алғаш рет Freedom Bank пен ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесіп іске қосты.
Бейнежазбаны алу үшін
Freedom SuperApp қолданбасын ашып, «Сервистер» бөліміне өтіп, «Мемлекеттік
қызметтерді» таңдау қажет. Осыдан кейін «Айыппұлдар» бөліміне өтіп, «ЖСН
бойынша айыппұлдарды» белгілеу керек, жеке куәліктің деректері автоматты түрде
толтырылады. Пайдаланушыға айыппұлды төлеу және шағымдану қызметтері, сондай-ақ
жол қозғалысы ережесін бұзу сәтіндегі бейнежазбаны алуға өтінім беру қызметі
қолжетімді болады. Бейнематериалдарды ұсыну туралы өтінім биометриялық
аутентификация және бір реттік құпиясөз арқылы расталады. Бірнеше минут ішінде
телефонға құқық бұзушылықтың бейнежазбасы бар push-хабарлама түседі.
Ұзақтығы 10 секундты құрайтын бейнежазба Freedom SuperApp қолданбасында 14 күн бойы сақталады. Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл есептелген кезде пайдаланушыға автоматты түрде push-хабарлама жіберіледі.
Осыған дейін Freedom Bank айыппұлдарға шағымдану сервисін іске асырғанын естеріңізге саламыз. Банк қосымшасының пайдаланушылары бұл қызмет арқылы жылдамдық режимін асырғаны және басқа жол қозғалысы нормаларын және қоғамдық тәртіп ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды бірнеше батырманы басу арқылы шағымдана алады. Freedom Bank бұл процесті цифрландырған алғашқы қаржы институты болды.